Қазақстандағы исламдық қаржыландыру: нелерді білу маңызды

time 10.07.2025
aye 680
Қазақстандағы исламдық қаржыландыру: нелерді білу маңызды

Қазақстанның қаржы нарығы күннен күнге түрленуде — бүгін қазақстандықтардың әртүрлі банктердің арасында ғана емес, сондай-ақ банктердің өз жұмысында басшылыққа алатын қағидаттарын да таңдау мүмкіндігі бар. Осындай балама тәсілдердің бірі — шариғат нормаларына негізделген және алыпсатарлықты, өсімқорлықты және тыйым салынған салаларға инвестицияларға (мысалы, алкоголь немесе құмар ойындар) тыйым салатын исламдық қаржыландыру.

Толығырақ Fingramota.kz-пен бірге қарастырамыз. 

Барлығы неден басталды?

Қазақстан ТМД елдерінің ішінде ислам қаржысын ресми түрде енгізген  алғашқы мемлекет болды. Бұл 15 жылдан астам уақыт бұрын басталды:

•    2009 жылы заң жүзінде ислам банктерінің, исламдық инвестициялық қорлардың жұмыс істеуі, исламдық бағалы қағаздарды шығару үшін жағдайлар жасалды. 

•    2011 жылы мемлекеттік исламдық бағалы қағаздар шығару мүмкіндігі құрылды. 

•    2015 жылы заң жүзінде «исламдық сақтандыру», такафул исламдық сақтандыру нарығын реттеу ұғымы, «тауарлық мурабаха» операциясын банк операциясы ретінде тану, ислам банкінің банк операцияларын салықтық басқару  енгізілді.

•    2015 жылы заң жүзінде дәстүрлі банктерді ислам банктеріне айналдыру  үшін жағдайлар жасалды.  

Классикалық банктерден айырмашылығы, исламдық банктер басқа қағидаттар бойынша жұмыс істейді: олар пайыздар алмайды және тәуекелдерді клиентпен бөліседі. Заңға сәйкес Қазақстандағы мұндай банктер мынадай қызмет түрлерін көрсетеді: 

1.    Пайызсыз салымдарды қабылдау және шот ашу; 

2.    Сенімгерлік басқару шарттарында инвестициялық депозиттер ашу (мурабаха); 

3.    Пайызсыз қарыздар беру (кард әл-хасан) – мысалы, емделуге немесе оқуға;

4.    Сауда-саттықта делдал болу – тауарды сатып алу және оны үстеме бағамен қайта сату; 

5.    Клиенттің бизнесіне серіктес ретінде қатысу және пайданы бөлісу (мушарака);;

6.    Мүлікті лизингке беру (ижара) — мысалы, техника, автомобиль немесе жылжымайтын мүлік; 

7.    Клиенттің атынан агенттік қызмет көрсету (вакала).

Қандай банктер осындай қағидаттар бойынша жұмыс істейді? 

Бүгінгі күні Қазақстанда екі ислам банкі жұмыс істейді: 

•    «Ислам банкі ADCB» АҚ 

•    «Заман-Банк» Ислам банкі» АҚ

Олар клиенттерге исламдық қағидаттарға сәйкес инвестициялар, бизнесті қаржыландыру және жеке қаржы ұсынады.

Тағы қандай жаңалық енгізу жоспарланып отыр?

Бүгінгі таңда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «исламдық терезелер» тетігін енгізуді көздейтін «Банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жаңа жобасын әзірлеу бойынша жұмыс жүргізуде. Аталған тетік дәстүрлі банктерге өз инфрақұрылымын пайдалана отырып, жеке ислам банкін құруды қажет етпей, исламдық қаржыландыру қағидаттарына сәйкес келетін қызметтер ұсынуға мүмкіндік береді. 

Негізгі басымдықтар

•    Бұл біздің қаржы жүйемізді неғұрлым икемді және орнықты етеді;

•    Тұтынушылардың кең ауқымы үшін исламдық қаржы өнімдеріне қолжетімділікті кеңейтеді;

•    Исламдық қаржыландыру саласында жұмыс істейтін халықаралық инвесторлар үшін банк секторының тартымдылығын арттырады;

•    Қазақстанда исламдық қаржының одан әрі дамуын ынталандырады

«Исламдық терезелер» тетігін енгізу — бұл бүкіл банк жүйесін қайта құрмай-ақ исламдық қаржыландыруды кеңейту тәсілі.

Исламдық қаржыландыру — бәріне балама дегенді білдірмейді, ол бұрыннан бар мүмкіндіктерге қосымша мүмкіндік көзі. Бұл — олардың дүниетанымы мен діни нанымына жауап беретін қағидаттар бойынша инвестиция салғысы, кредит алғысы немесе ақша жинағысы келетіндердің таңдауы. Мемлекет те ол үшін барлық жағдай жасайды.

Fingramota.kz-пен бірге қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз!

white-arrow Тізімге